Ұлттық банк Әлия Молдағұлова арналған коллекциялық монета шығарды
Жаңа монета 15 қазаннан бастап Ұлттық банктың интернет дүкенінде сатылмақ.
Еліміздің Ұлттық банкі қан майданда ерліктің озық үлгісін көрсетіп, Отан үшін жанын берген Кеңес Одағының батыры, батыр Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай жаңа коллекциялық монетаны шығарды. Жаңа монета «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясымен жарық көрді. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалыпты. Жаңа теңгенің дизайнында батыр қыздың бейнесі бейнеленген.
— Brilliant uncirculated дайындау сапасымен, мельхиор (МН 25) қорытпасынан жасалған номиналы 200 теңгелік монеталардың салмағы 15 грамм, диаметрі 33 мм, таралымы он мың дана.Барлық монета Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің кез келген түрінде қабылдануға міндетті. Сондай-ақ оларды елдегі барлық банкте банк шоттарына аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады, — делінген Ұлттық банктың ресми хабарламасында.
Коллекциялық монетаны реттеуші банктың https://kazcoins.nationalbank.kz интернет дүкенінен сатып алуға болады.