Маңғыстауда 31 мың ағаш отырғызылмақ

Қазіргі таңда тал-теректің 45 пайызы егілген.

Сурет "ЖИ" көмегімен жасалды

Маңғыстау облысында биыл 31 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. Қазіргі таңда жоспарланған тал-теректің 45 пайызы егілген. Жыл соңына дейін жоспар 100 пайыз орындалады деп Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлады.

Облыс орталығында «Таза Қазақстан» акциясының орындалу барысын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов баяндады.

— Биыл экологиялық науқанға облыс бойынша 25 мыңнан астам тұрғын қатысып, 4200 түп ағаш отырғызылды. Іс-шара барысында 448 техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 3540 тонна тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Сондай-ақ, азаматтардың экологияға қатысты шағымдары мен ұсыныстары «Tazaqazaqstan.kz» платформасы арқылы тұрақты түрде қабылданып, уақытылы жауаптар берілуде, - деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов.

Өткен жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 68 қоқыс алаңы анықталды. Оның 64 нүктесі жойылыпты. Жақында  «Кіші Оймашы» көлінің маңында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Оған 26 техника жұмылдырылып, 58 рейс арқылы 540 тонна ірі көлемді қоқыс шығарылды.

Өңірде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту бағытында «Жасыл Даму» АҚ арқылы екі инвестициялық жоба қарастырылуда. Бұл жобалар өңірдің экологиялық тұрақтылығын арттыруға септігін тигізбек.

Облыс экологиясы үшін аса өзекті мәселенің бірі - «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру. Қазіргі таңда бұл жұмыстар уақытша тоқтатылғанымен, экологиялық қауіптің алдын алу мақсатында салалық министрліктің ұсыныстары ескеріліп, жаңа биологиялық рекультивация жобасы әзірленуде.

Жобаның бірінші кезеңінде 400 гектар аумақта жасыл қорғау аймағы құрылса, екінші кезеңде 27,5 гектар аумаққа техникалық рекультивация жұмыстары жүргізіледі. Жобаның толық дайындалуынан кейін жер дайындау, көшет егу, суару, қоршау жұмыстары жалғасады.

Аталған аумақты көгалдандыру 2025-2027 жылдарға жоспарланып отыр. Осы аралықта «Қошқар-Ата» қоймасының оңтүстік-батыс бөлігіндегі 400 гектар жерге сексеуіл көшеттерін отырғызу көзделген.