Ойын-сауық орталықтарының жұмысына кедергі келтірген қылмыстық топ құрықталды
Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың мүшелерін құрықтады.
Алматыда ойын-сауық орталықтарының басшыларын қорқытып, заңсыз әрекет жасаған қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомство өкілдері қылмыстық топтың мүшелері бизнес субьектілерін күшпен басып алып, оларға «қауіпсіздік» қызметін көрсеткенін мәлімдеді. Қылмыстық топтың мүшелері Алматы шаһары, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл мен Алматы облысында тұтқындалыпты.
Құқық қорғау органдары 20 адамды ұстады. Тәртіп сақшылары қырықтан астам тінту жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесінде жеті атыс қаруы тәркіленді. Оның үшеуі кесілген мылтық болып шықты. Тәркіленген қарудың ішінде Макаров тапаншасы, Калашников автоматы, жүзден астам оқ-дәрі бар.
Қазіргі таңда бұзақылық, адам ұрлау, бопсалау, өз бетінше билік жүргізу және денсаулыққа зиян келтіру фактісі қылмыстық іс қозғалған. Министрлік топ жетекшісі мен қатысушыларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.