4 часа назад

Оралда сарбаздар есірткі жасырмақ болған адамның жолын кесті

Күдікті Оралдың солтүстік-шығыс ауданында орналасқан тұрғын үйдің ауласына есірткіге ұқсас затты жасырмақ болған.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің фотосы

Оралда жауынгерлер тұрғын үйлер ауласының бірінде есірткіге ұқсас затты жасырмақ болған адамның жолын кесті. Бұл туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға қаланың солтүстік-шығыс ауданында кешкі сағат 21.05 болған.

 — Әскерилер тұрғын үйлердің бірінің ауласында белгісіз азаматтың жасырын түйіншек қалдырып, оны телефон шамын жағып суретке түсіргенін байқайды. Күмәнді әрекетті байқаған жасақ өкілдері азаматпен тілдесіп, түсіндіру жұмысын жүргізбек болған.Алайда күдікті сыртқы тексеруге келісім бермей, қарсылық көрсеткен. Ұландықтар заң аясында әрекет етіп, азаматты тексерген кезде оның қалтасынан шамамен 10 грамм есірткіге ұқсас зат салынған капсула табылды, — делінген «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Қазіргі таңда осы дерекке байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.