Оралда үстел теннисіне арналған орталық салынбақ
Жаңа ғимарат «Ақжайық» шағын ауданында бой түземек.
Оралда үстел теннисіне арналған жаңа ғимарат бой көтермек. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Жаңа нысан «Ақжайық» шағын ауданында салынбақ.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, құрылыс жұмыстары үшін «Freedom Shapagat» қорының ақшасына салынбақ. Бұл үшін облыс орталығында үлкен жиын өтті. Оған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, үстел теннисі федерациясының атқарушы хатшысы Данияр Ахметов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, сондай-ақ «Freedom Shapagat» қорының директоры Бағлана Мусина қатысты.
Жаңа орталықтың құрылысы үшін БҚО спорт басқармасы, «Freedom Shapagat» қоры және «ИнтерСтрой НС» компаниясы арасында үш жақты меморандумға қол қойыпты.
Жаңа орталықтың құрылысы 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда алты мыңға жуық батысқазақстандық үстел теннисімен шұғылданатын көрінеді.