БҚО-да ауыл әкімі шағын футбол алаңын жөндетемін деп басы дауға қалды
БҚО-да Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылының әкімі Бибулат Зейнуллиннің ісі әдеп жөніндегі кеңесте қаралады.

Оралда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылдық округінің әкімі Бибулат Зейнуллинге қатысты іс қаралды. Аудан прокуроры Алмас Таспихов мән-жайды жайып салды.
Даудың басы Жайық ауылында шағын футбол алаңын жөндеуден басталған. Прокурордың сөзіне сенсек, 2024 жылы Чапаев ауылдық округінің әкімі Бибулат Зейнуллин Жайық ауылында шағын футбол алаңын жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу лотын жасапты. «Қазжир проект Астана» ЖШС атқарылуы тиіс жұмыстың техникалық сипатын сметалық есептеу деп әзірлеп, жобаны құны алты миллион 400 мың теңге деп бекіткен.
Өткен жылдың бесінші тамызында «Батыс қағанат» ЖШС ұсыным бағасымен әлеуетті өнім беруді ұсынып, тендерді төрт миллион 150 мың теңгеге ұтып алады.Сөйтіп, жұмысқа кіріскен мердігер мен ауыл әкімімен 2024 жылдың 11 қыркүйегінде қосымша шарт жасасқан. Жаңа келісімшартқа сәйкес жұмыстың құны екі миллион 250 мың теңгеге қымбаттапты.
Ақжайық ауданының прокуроры Алмас Таспихов «Әлгі шағын футболдың жергілікті әкімдіктің теңгерімінде емес», — деп хабарлады.
— Әкімдік өзіне тиесілі емес мүлікті пайдаланып, мемлекеттік сатып алуды жүргізген. Бірінші. 2018 жылы аудандық экономика және қаржы бөлімінің бұйрығына сәйкес, құны алты миллион, 540 мың теңге тұратын Жайық ауылындағы спорт алаңының нысаналы мемлекеттік мекемесі меншігіне қабылданып, Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің берілген болатын. Кейін спорт алаңы арнайы Акт жасалып, хаттама арқылы есептен шығарылған. Алайда білім беру бөлімі аталған бұйрықтың екінші тарауының талаптарын бұзғандықтан спорт алаңының 46 сетка қоршау, төрт дана темір бағаны қалып қойған. «Мемлекеттік мүлік» туралы заңына сәйкес, мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берген мемлекеттік мүліктің бір түрінен екінші түріне беру, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады. Мүлік туралы заңының 170-171 баптарына сәйкес мемлекеттік мүлікті иелену, пайдалану, осы заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес тәртіппен, шарттарда ғана жүзеге асады. Мемлекеттік мүлікті иелену, пайдалануға беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуы тиіс.Мемлекеттік мүлікті иемденуге және пайдалануға беру туралы шарттың жазбаша нысаны сақталмай, оның маңыздылығына алып келеді. Бұдан басқа, 2008 жылғы төртінші желтоқсандағы бюджет кодексіне сәйкес, мемлекеттік мекеменің сатып алу мәні болып табылатын тауарларды, сатып алуға азаматтық мәліме жасасуға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақталуын қамтамасыз етеді және оларды сақтамағаны үшін жауапты болады. Сонымен қатар бюджет кодексінің Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының көзделген құжаттардың, олар бойынша тиісті органдар және ұйымдар, шешімдердің болмауынан Қазақстан Республикасының заңдарына белгіленген жауаптылық алып келеді делінген. Өз кезегінде әкімдік аталған мүлікті өзіне пайдалануға заңсыз алған, бюджет кодексіне сәйкес емес, мүлікті сметалық есеппен қоса отырып, спорт алаңын салуға мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан. Яғни бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған, — деді Ақжайық ауданы прокуроры Алмас Таспихов.
Жиында прокурор келісімшартты өзгерту мен оның құнын қымбаттатуды да заңсыз деп таныған. Заңнамаға сәйкес егер мемлекетік сатып алу жұмысының техникалық сипаты сметалық есептік деп көрсетілсе, бағасы өзгере алмайды. Тек жобалық сметалық құжаттаманы өзгертуге болады екен.
— Келісімшартқа сәйкес шағын футбол алаңын орнату төрт миллион 150 мың теңгеге жасауы тиіс. Ол бойынша өнім берушіге сметалық есепке сәйкес тиісті міндеттеме жүктелген. Өнім берушінің өкілі Жәрдемов әкім Зейнуллинге алаңда көрсетілген соммаға сметалық есепке сәйкес орнату мүмкін еместігін көрсетіп, оның орнына жабынды бетонға ішіне қоса арматура жұмыстар жасалғанын, өзгертуге сметада көрсетілген жұмыстарды қосуға және алаңның көлемін өзгертуге ұсыныс білдірген. Талаптар негізсіз, кейбір жұмыс түрлерін өзгерту туралы хаттама жасалған. Оның ішінде бір миллион 378 мың теңгенің жұмыстары алынып тасталған және үш миллион 631 мың теңгеге қосымша жұмыстар қосқан. Сонымен қатар, сметалық есептен ауытқып, шағын футбол алаңынның көлемін 198 шаршы метрге дейін азайтқан. Нәтижесінде сметалық есепке сәйкес келмейтін екі миллион 252 мың теңге қосымша жұмыстар қосылған. Әкім Зейнуллин аталған қаражатты қосу үшін мемлекетік сатып алу заңының 45 бабы 2 бөлігі, 2 тармағы негізінде екі миллион 250 мың теңге қосымша келісімшарт жасаған. Өнім берушіні таңдауға негіз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартта егер Қазақстан Республикасының заңнамасында сәйкес сараптамадан өткен жобалау сметалық құжаттарға өзгерістер енгізілсе және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен осындай өзгерістер соммасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданса, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың соммасын енгізуі тиіс. Алайда талдау барысында мемлекеттік сатып алу тек сметалық есеппен жасалған. Яғни, жобалық сметалық құжаттамасыз жасалғаны анықталды. Сөйтіп, тапсырыс беруші тараптан әкім Зейнуллин заңды талаптарды бұзып, екі миллион 252 мың теңге қаражатты аударған, — дейді Ақжайық ауданының прокуроры.
Әдеп жөніндегі кеңесте ауыл әкімі мердігердің жұмысын жіті тексермегені де анықталды. 2025 жылдың шілдесінде Ақжайық ауданының прокурорлары қос тарапты қатыстыра отырып, жиын өткізген. Сонда шағын футбол алаңының көлемі 198 шаршы метрге азайғаны, 123 тонна алты да он екі арматура орнатпағанын және диаметрі 127 милиметр болатын 24 темір тұрбаның орнына тапсырыс беруші ескі тұрбаларды орнатылғаны анықталыпты. Соған қарамастан әкім атқарылған жұмыстың актісіне қол қойып, алты миллион теңгеден астам қаражатты мердігерге аударған.
Чапаев ауылдық округінің әкімі мемлекеттік қызметте 19 жылдай еңбек етіп келеді. Аудан әкімдігі Бибулат Зейнуллинді жақсы жағынан сипаттапты. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары хабарлады. Атқамінердің өзі шағын футболды Жайық ауылының тұрғындары көптеп сұрап жүргенін, бюджетті үнемдеу үшін мұндай қадамға барғанын мәлімдеді.
— 2023 жылы Чапаев ауылдық округіне қарасты Жайық елді мекенінде 60 орындық жаңа мектеп құрылысы жүргізілген болатын. Сол мектеп құрылысы бұрынғы стадионның жер теліміне орналастыру жоспарланған. Айтып отырған шағын футбол алаңы стадионның ішінде болатын. Осы құрылысты жүргізу барысында құрылыс жүргізіп, алаяқтала келе іштегі шағын футбол алаңды жобада болмауына байланысты құрылыс жүргізген компания демонтаж жасап, бұзып алып келетін болып, әңгіме шығады. Содан біздің тарапымыздан аудандық білім беру бөлімінің теңгерімінде болғандықтан, шағын алаңды егер де өзіміз бұзып алсақ, кәдеге жаратайық деген мақсатпен, ауызша келісім болды. Бұл жерде осыған дейін де сол ауыл тұрғындарымен кездесу жиналыста, шағын футбол алаңдарын салу жөнінде тұрғындардан ұсыныс түскен болатын. Бұдан кейін қоғамдық кеңестің мүшелерімен осы мәселе көтерілді. Жаңа шағын футбол алаңын салу үшін смета жаңадан жасақталуы үшін бәленбай қаржы шығатынын ескере отырып, сол жерде бұрынғы алаңның бұрынғы құрылыс материалдарын атап айтқанда қоршауларын, бағаналарын, прожекторларын пайдалану жөнінде жедел шешім қабылдауға тура келді. Тек ғана астыңғы жабынына және басқа да қосымша құрылыстарға смета жасалды, — деді Чапаев ауылдық округінің әкімі Бибулат Зейнуллин.
Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері әкімге қызметіне толық сай емес деген ескерту берді.