7 часов назад

Оралда «Жайық жүйрігі-2025» бәйгесі өтпек

Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты 13-14 қыркүйек күндері Орал қаласында ұйымдастырылады.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Осы күзде Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты Орал қаласында ұйымдастырылмақ. Жыл сайын өтетін «Жайық жүйрегі» бәйгесі биыл да оздырылады. Ұлттық бәйге түрлері мен ұшқыр бәйгеден жарыс 13-14 қыркүйек күндері облыс орталығында Атшабар алаңында өтпек. Бұл туралы Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жүлдені қоры 45 миллион 500 мың теңгені құрайды. Ұлы аламан бәйге – 31 шақырым, Топ бәйге – 16 километр, Құнан бәйге – 11 шақырым, Ұшқыр бәйге (2 жасар төл құжатымен) – 1400 метр, Ұшқыр бәйге (3 жасар төл құжатымен) – 2000 метр арақашықтықты қатысушылар бағындыруы керек. Ұйымдастырушылар әр шабандоз сайыс түріне қарай бекітілген жарнаны төлеуі тиіс деп хабарлады.

Бәйгеде оқ бойы оза шапқандар ақшалай сыйлықтар мен 31 шақырымға шапқан ұлы аламан бәйгеде топ жарған шабандоз пәтердің кілтіне иек болмақ.

Бәйге 14 қыркүйекте Атшабар алаңында сағат ондар шамасында  басталады.