«Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары 4 млн теңгеге жуық сыйақы ала алады
Байқау үш кезеңнен өтеді.
Елімізде ұстаздардың арасында «Үздік педагог» байқауы өтпек. Ұстаздар бақ сынайтын сайыс үш кезеңнен тұрады. Қатысушылар әуелі аудандық, қалалық деңгейде іріктеуден өтеді. Педагогтер 8 шілде мен 25 шілде аралығында бақ сынайды. Сынақтан сүрінбей өткендер облыстық деңгейге жолдама алады. Облыстық кезең 28 шілде мен 15 тамыз аралығында өтеді. Ал, сынақтан сүрінбей өткен ұстаздар республикалық деңгейге жолдама алады. Ел біріншілігі 18 тамыз бен 18 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Жеңімпаздар 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы алады. Бұл төрт миллион теңгеге жуық қаражатты құрайды.
— Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі. Жарысқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады, - делінген оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
«Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық ұстаз бақ сынады. «Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Олар - балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері.