"Әзірге қылмыс құрамы анықталмады" - 12 адам қаза тапқан трагедияға байланысты жаңа дерек

Премьер-министрдің орынбасары Түркістан облысында болған қайғылы жағдайға байланысты пікір білдірді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өртке байланысты қабылданып жатқан жедел шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Вице-премьер кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққанын айтты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара опырылған.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдары дереу жіберілген, өрт сағат 07.22-де сөндірілген. Өкінішке қарай, оқиға орнында 12 адам қаза тапты, олардың тоғызы -бала. Үш адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

— Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатыр. Әзірге қылмыс құрамы жоқ. "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі).

Еске салайық, кеше жеке үйдегі өрт салдарынан 12 адам қаза тапты, тоғызы - балалар. Мәліметке сүйенсек, өрттен қаза тапқан марқұмдар - бір әулеттің мүшелері.