17 октября в 13:54

«10–15 пайызға дейін шарықтауы мүмкін»:Сарапшы тұрғын үй бағасына әсер ететін басты факторларды атады

Қазақстандық сарапшылар 2026 жылы арналған баспана бағасына арналған болжамдарын айтты.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

2026 жылдан бастап Қазақстанда құрылыс компанияларына қосымша құн салығы енгізілмек. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама жылжымайтын мүлік нарығына тікелей әсер етеді. Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығының президенті, жылжымайтын мүлік саласында 20 жылдық тәжірибесі бар маман Лариса Степаненко:« Бұл өзгерістің салдары мен тәуекелдері жөнінде сөз қозғады» ,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Сарапшының айтуынша, құрылыс компанияларына ҚҚС енгізілуі нарыққа айтарлықтай ықпал етеді және оның әсері бірнеше бағытта байқалмақ.

—  Біріншіден, жаңа тұрғын үйлердің бағасы өсуі мүмкін. Себебі қосымша шығындардың бір бөлігі сатып алушылардың мойнына түседі. Екіншіден, құрылыс қарқыны баяулауы мүмкін. Әсіресе капиталы аз құрылыс компанияларына бұл ауыр тиеді — жобаларды қайта есептеу, қайта қарау, сапаны төмендету немесе материалдарды оңтайландыру қажет болады,  —  дейді сарапшы.

Оның сөзінше, бұл өзгеріс құрылысшылардың маржасына да әсер етуі мүмкін.

— Егер қосымша салықтық ауыртпалықты толығымен соңғы сатып алушыға аудару мүмкін болмаса, бәсекелестік ортада компаниялардың пайдасы азаяды. Ал баға өссе, кейбір азаматтар баспана сатып алуды кейінге қалдыруы мүмкін. Бұл нарықтағы белсенділіктің төмендеуіне алып келеді, — деп түсіндірді Степаненко.

Маманның айтуынша, көп жағдайда құрылыс компаниялары ҚҚС бойынша шығындарды тұрғын үйдің бағасына қосуға тырысады, себебі бұлай істемесе, олардың бизнесі тиімсіз болып қалады. Ал бағаның қаншалықты қымбаттайтыны бірқатар факторға байланысты айқындалады.

— Бұл, ең алдымен, ҚҚС мөлшерлемесіне және оны төлеу тәртібіне, яғни өтпелі кезең мен жеңілдіктердің болуына байланысты. Сондай-ақ материалдар мен логистикаға жұмсалатын шығындардың үлесі де үлкен рөл атқарады. Егер құрылыс материалдарының басым бөлігі импортталса немесе ҚҚС салынса, бағаның өсу қарқыны да жоғары болады. Бұдан бөлек, нарықтағы бәсекелестік деңгейі мен мемлекеттік қолдау шаралары да маңызды. Егер субсидиялар, салықтық жеңілдіктер немесе төмен пайызды ипотекалық бағдарламалар енгізілсе, баға өсімі біршама тежеледі, — дейді ол.

Лариса Степаненконың бағалауынша, жаңа тұрғын үйлердің бағасы орта есеппен 10–15 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл көрсеткіш қала мен тұрғын үй класына байланысты әртүрлі болады. Ең көп өсім Алматы мен Астанада байқалмақ. Себебі бұл қалаларда құрылыс құнының өзі жоғары.

Егер мемлекет өтемақы тетіктерін енгізбесе, мысалы, жеңілдетілген ипотека немесе эконом-класс құрылысына салықтық жеңілдіктер берілмесе тұрғын үй халық үшін қолжетімсіз болады. Сол себепті біз өтпелі кезең енгізіп, нарықтағы барлық қатысушы үшін нақты әрі тұрақты ережелер белгілеу қажет деп есептейміз. Бұл бағаның күрт өсуін болдырмауға және құрылыс саласының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді, — деді Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығының президенті Лариса Степаненко.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин құрылыс компанияларына қосылған құн салығының (ҚҚС) 16 пайыздық мөлшерлемесін енгізу тұрғын үй бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Вице-министрдің айтуынша, 2023 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 135 триллион теңгені құрап, оның шамамен 17,5 пайызы көлеңкелі экономикаға тиесілі болған.

—Бұл – ресми дерек. 135 триллион теңгенің 20 триллион теңгесі көлеңкелі айналымда жүр. Негізгі үлес көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау және білім беру салаларына тиесілі, – деген еді Әмрин.

Ол сондай-ақ қазіргі таңда құрылысшылар құрылыс материалдарын ҚҚС-сыз сатып алатынын атап өтті.

— Жаңа ереже бойынша 16 пайыздық ҚҚС төленсе, құрылыс компаниялары өз жеткізушілерін көлеңкеден шығарып, салық төлеуге ынталандыруға мәжбүр болады, – деді ол.

Әмриннің сөзінше, салықтық өзгеріс инфляцияны шамамен үш пайызға арттыруы мүмкін. “Баға өсімі сөзсіз болады, әсіресе азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауы ықтимал”, – деп түйіндеді вице-министр.