17 апреля в 09:15

2025 жылы БҚО-да 16 үйдің жеделсатысы алмастырылады

2025 жылы БҚО-да 16 көпқабатты үйдің жеделсатысы ауыстырылады.

Фото: pixabay.com

Биыл тозығы жетіп, ескірген 16 үйдің жеделсатысы алмастырылады. Оның он бірі- облыс орталығында, қалған бесеуі- Ақсай қаласында жүзеге аспақ. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары мәлімдеді.  

Алмастыру жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 323 миллион теңге бөлінген. Биыл тұрғын үй модернизация бағдарламасында тозығы жеткен жеделсатыларды ауыстыруға екпін салынған. 1291 адам жаңа лифтні қолданбақ. Бұдан бөлек, биыл Бөрлі аудандық бюджетінің есебінен қосымша бес үйдің жеделсатысы ауыстырылады. 

Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында «Тұрғын үй-коммуналды инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 26 жоба іске асқан. Бұл үшін 879,2 миллион теңге қаржы бөлінді.

— Атап айтсақ, 19  көпқабатты тұрғын үйдің шатыры күрделі жөнделді. 4 үйдің қасбеті күрделі жөндеуден өткізілді және үш көпқабатты тұрғын үйдің лифтсі жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда, — дейді Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрбану Сатыбалдиева.

Аймақта 64 көпқабатты баспана тұрғын үй модернизациясын кезегін күтіп отыр. Егер республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, жөндеу жұмыстары басталмақ. Қазіргі таңда Орал қаласында 11 баспананың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Көпқабатты үйлердің шатыр мен қасбетін жөндеу және шатырын алмастыру үшін тұрғындардың 70 пайызы қолдауы керек. Баспана иелері қатысқан жиналыстың хаттамасы мен кондоминиум обьектісінің мемлекеттік тіркеу куәлігінің көшірмесін операторға өтініш жазып тапсыруымыз керек. Оператор көпқабатты тұрғын үйді техникалық зерттеп, жобалық-сметалық құжатты дайындап, оны сараптамадан өткізеді. Келісімшарт сегіз жылға жасалады.

Фото: pixabay.com