БҚО-да 1200 орындық жаңа мектеп ашылды
«Келешек мектеп» Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында пайданалуға берілді.
Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ошағы 1200 балаға арналған. Ғимараттың құрылысы өткен жылы басталды. Оны «СФ Алтим» мекемесі салды.
— Ғимарат үш қабатты және жертөлесі бар, жалпы он блоктан тұрады. Мектептің үшінші, оныншы блоктары бастауыш сынып оқушылары мен мектеп алды даярлық тобына арналған, Дене шынықтыру-сауықтыру орын-жайлары-жеті және екінші блоктарда бірінші қабатта орналасқан. Үшспорт залы бар: бастауыш сынып оқушылары үшін 8х15м өлшемді екі спорт зал және орта, жоғары сыныптар үшін 36х18,6м өлшемдегі спорт зал. Екінші қабатта кітапхана, АКТ залы, хореография залы,мұғалімдер бөлмесі,STEM лабораториясы, ІТ сынып және бірнеше коворкингтер орналасқан, — деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Жаңа мектепте 70 оқу кабинеті жасақталған. Оқу сыныптары интерактивті тақталармен жабдықталыпты. Сонымен қатар, бір бейнелеу өнері, графика және жобалау, бір дизайн және технология, бір тамақтану мәдениеті, бір үй мәдениеті, екі информатика кабинеті, екі спортзал, кітапхана, 300 орындық акт залы мен асхана бар.
Мектеп ауласында балалар ойын алаңы, футбол,баскетбол, жүгіру жолдары алаңдары бар.
— 2025-2026 оқу жылында сынып –54. Бірінші ауысымда 27 сынып- жиынтығында 499 оқушы, екінші ауысымда 26 сынып-жиынтығында 501оқушы білім алады, оқыту қазақ –орыс тілінде жүргізіледі. Бірінші сыныпқа 90 оқушы, мектепалды даярлық сыныбына 99 бала қабылданды, — деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Достық мектебі аймақта ашылған бесінші- оқу ошағы. Келешек мектептерінде 4800 оқушы білім алады. Сондай-ақ облыста төрт білім ордасының құрылысы жуықта аяқталады деп жоспарлануда.
— «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген бұл мектеп – өскелең ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлықтың айғағы. Себебі, «Келешек мектебі» – атына заты сай, болашаққа нық қадам басқан, заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталған, білім мен тәрбие ұштасқан орда боларына сеніміміз мол. Бүгінгі таңда оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында соңғы үш жылда облысымызда 7526 орынға 26 мектеп салынса, осы оқу жылында Казталов ауданы, Қоныс ауылында 60 орындық мектеп, Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында 600 орындық «Келешек мектебі» және облыстық дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицей іске қосылды, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Қазіргі таңда оқу ордасында 100 астам мұғалім еңбек етеді.
Достық ауылының тұрғындары мектептің құрылысын асыға күтті. Бұған дейін оқушылар ескі мектептің ғимаратында білім алып келді. Бұрынғы ғимарат 1982 жылы салынып, 540 балаға арналған еді.
БҚО әкімдігінің фотосы