БҚО-да «Қаладан ауылға» бағдарламасымен көшкендер қоныс тойын тойлады
Дәрігерлер Жалпақтал ауылында қоныс тойын тойлады.
Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылында «Қаладан ауылға» бағдарламасының аясында ауылдық жерге қоныс аударған жанұяларға қоныстың кілті табысталды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі хабарлады. Әкімдік келтірген мәліметке сүйенсек, өткен жылы Казталов ауданына 19 отбасы қоныс аударыпты. Аудан халқы 106 адаммен толыққан. Жалпақталда өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов ауылдық жерге көшіп келген медицина қызметкерлеріне алғысын білдіріп, олардың еңбегін атап өтті.
– Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өңірімізде облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен «Қаладан – ауылға» жобасы іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – қалада тұратын ауыл азаматтарын туған ауылына қайта оралту арқылы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, кадр тапшылығы мәселесін шешу. Осы бағытта облыс көлемінде жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беруде, — деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Жалпақталға «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында Қызылорда, Тараз бен Қостанай өңірінен келген дәрігерлер қоныс аударыпты. Ауылдың тумалары да осы бағдарламаның шарапатын көріп, елге оралған.
«Қаладан ауылға» бағдарламасы 2024-2026 жылдарға арналған. Бағдарлама аясында 120 отбасы ауылға қоныс аударады деп жоспарланған.
БҚО әкімдігінің фотосы