Оралда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Оралдықтарға 111 мекеме бос жұмыс орнын ұсынды.
Оралда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 19 мекеме қатысқан. Олар 111 бос жұмыс орынын ұсыныпты. Орал қаласының «Мансап» орталығының таратқан ақпарына сүйенсек, іс-шараға 220 тұрғын қатысыпты.
Жыл басынан бері осындай жеті жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Оның біреуі онлайн Tanda.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асыпты. Бос жұмыс орындарын ұсынған мекемелерге дені жұмысшы мамандар қажет екен.
Қазіргі таңда облыс орталығында 6080 адам жұмыссыз деп тіркелген. «Мансап» орталығының мамандарының таратқан ақпарына сүйенсек, Оралда 1608 адам тұрақты жұмысқа, жастар практикасына – 320, 45 жас алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты бойынша екі адам еңбекке араласқан. Және 65 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алса, «Күміс жас» бағдарламасының шарапатын 46 тұрғын көрген. Ал, 340 тарта оралдық қоғамдық жұмыстар арқылы напақасын тауып жүр.
Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандар үшін мамандар қыркүйек айында бір бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастыруды жоспарлап отыр.