БҚО-да 17 мың адам жұмыссыз

БҚО-да 17 138 адам Мансап орталықтарында жұмыссыз деп тіркелген.

БҚО-да 17 мың адам жұмыссыз
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Ұлттық статистика бюросының таратқан ақпарына сүйенсек, өңірде 17 мыңнан астам екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы мәліметтерге сүйенсек,  жұмыссыздық 4,8 пайызды құрапты. Жастар арасында екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер 3,4 %, ал әйел адамдар арасында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрапты. 

Мемлекет жұмысынан қағылған жандар үшін әлеуметтік төлем төлейді. Ол үшін арнайы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу шарт. Бүгінгі таңда 5882 жұмыссыз батысқазақстандық әлеуметтік төлемді алуда деп, Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Саян Баймұханов хабарлады.

— Жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда: мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары – әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс орны, «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары іске асып жатыр, - деп хабарлады Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Саян Баймұханов.

Мемлекет жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант береді. Демеу қаржы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жандарға конкурстық негізде беріледі. Қаржы 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін Атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт перзенті немесе одан да көп баласы отбасылар, асырушысынан айырылған жағдайда төлем тағайындалған жанұялар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар және оның жұбайы грантқа иек арта алады. Тек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификат болуы шарт.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp