Оралда «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды
Облыстық байқау қорытындысы бойынша Бөрлі ауданының Суюнгараевтар әулеті жеңімпазы деп танылды.
Орал қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады. Ұйымдастырушылар жыл сайын аталмыш сайысқа қатысатын отбасылардың саны артып келетінін атап өтті. Облыстық кезеңге жолдама алған әрбір жанұя - аудан мен қала деңгейінде ұйымдастырылған жарыстың жеңімпазы.
Биыл Батыс Қазақстан облысында «Мерейлі отбасы- 2025» ұлттық байқауына қатысу үшін жүзден астам әулет өтінім беріпті. Олардың тек 21 ғана облыстық кезеңге жолдама алыпты. Марапаттау кеші облыс орталығында Ата заңымыздың 30 жылдық мерейтойының қарсаңында ұйымдастырылды.
Өлкеміздің үлгілі, өнегелі жанұяларын облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
-Шаңырақ - әр адамның киелі бесігі, нәр алатын алтын ұясы. Адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Сондықтан, конкурстың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы орны ерекше. Отбасы институты-мемлекеттің назарында. Ата-бабаларымыз: «Отан-отбасынан басталады»,-деп бекер айтпаған. Отбасы-мемлекеттің тірегі, қоғамның діңгегі, адамның алтын ұясы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйінпеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады»-деп, отбасының қоғамдық және мемлекеттік рөлін атап өтті. Қуатты отбасы-тұрақты мемлекет!Берекелі шаңырақ -еліміздің тірегі, ел бірлігінің кепілі. Мемлекет басшысы «2025 жыл –Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Биыл еңбек адамына үлкен құрмет көрсетілуде. Сіздердің әулеттеріңіздегі еңбекқорлық, жауапкершілік, мейірімділік-жастарға үлгі, елге мақтаныш. Ұлттық руханиятымызды, адамгершілік пен сыйластыққа негізделген тәрбие беру-әрбір отбасының басты міндеті. Біз, қазақ халқы «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Қариясы бар ел қазына», -деп ата-бабаларымыздың өсиетіне, мұрасына берік болып, жас ұрпақты баулып келеміз. Осыны жалғастыру қажет! - дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев.
«Мерейлі отбасы-2025» байқауында сегіз отбасы арнайы аталым иегері атанды.
- Сұлтанғалиевтер отбасы, Бәйтерек ауданы- «Қайырымды отбасы»;
- Дускалиевтер жанұясы, Орал қаласы - «Қолөнершілер отбасы»;
- Тасқалиевтер әулеті, Қаратөбе ауданы- «Жұмысшы отбасы-еңбек адамы»;
- Кужиевтер отбасы, Шыңғырлау ауданы- «Еңбек династиясы-темір жолшылар»;
- Туяковтар жанұясы, Теректі ауданы-«Креативті отбасы»;
- Уразгуловтар әулеті, Бөкей Ордасы ауданы-«Өнерлі отбасы»;
- Бисенгалиевтер жанұясы, Жаңақала ауданы-«Әке ісін, жалғастырған отбасы»;
- Ерикбаевтер отбасы, Тасқала ауданы- «Дәстүр жалғастырған отбасы» аталымы бойынша марапатталды.
«Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде белсенді қатысқан жанұяның бірі-Дүйсеновтер отбасы. Тасқалалық жанұя -ауданның мақтанышы. Елдің қалыптасуы үшін аянбай тер төгіп келеді. Әулеттің анасы Галя Гадилова апамен тілдестік. Галя апа жастайынан жолдасынан жесір қалған. Қиындыққа мойымаған ол әр баласын жетілдіріп, жеткізген. Негізі жанұя Жалпақталдың тумасы екен. Осыдан 20 жыл бұрын балалары институтты аяқтап, Тасқала ауданына жұмысқа жолдамамен келіпті. Содан бері Дүйсеновтер әулеті осы мекенде орын тепкен.
-Аудандық жарыстан бірінші орын алып, келіп отырған жайымыз бар. Келін-балаларым ұстаздар. 17 немерем бар. Жеті шөбере сүйіп отырмын. Өзімді бақытты анамын деп есептеймін, - дейді Галя Гадилова.
Бөрлі ауданынан келген Суюнгараевтар жанұясы Ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. Олар бір миллион теңгемен марапатталды. Айтулы шараға әулеттің ақсақалы Мұратбай Ихласұлы арнайы табан тіреді. Сексеннің сегізіне келген қария ұйымдастырушыларға алғысын айтып, бата берді. Суюнгараевтер әулеті мұндай байқауға алғаш рет қатысып отыр.
-Мұндай шаралар елімізде көп болса, адам баласы бірен-сараң қисықтар түзеледі. Түзелгенде Отан үшін, ел үшін жұмыс істеп, біреуі екеу болса, еліміз жылдан жылға байи береді. Ел қуатты болса, халық көңілді болады. Татушылық көбейеді. Балалары жұмыста жүре береді, - деді «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің байқауы Мұратбай Суюнгараев.
Мұратбай ақсақал мен Дариға апамыз он перзент сүйген. Ерлі-зайыпты 64 жыл бірге өмір сүріп келеді. Мұндай жарыстардың өскелең ұрпақ үшін маңызды екен. Оны сайысқа дайындалып жүріп, жақсы ұғындық,- дейді Мұратбай ақсақалдың қызы Альфия Суюнгараева.
- Әкімдік қызметкерлері әкемізге сайысқа қатысыңыз деп ұсыныс айтыпты. Әкем келісімін берді. Жарысқа қатысу қиын болды. Біз мұнда 100 пайызға келген жоқпыз. Дегенмен барынша жиналуға тырыстық. Мысалы, апам 40 жыл Атырауда тұрмыста. Екінші апам Ақтөбе облысында тұрады. Бірақ қашықтыққа қарамастан, жанұясымен, жолдасы, балалары, немерелерімен осында келді. Өзім де Атырау облысында вахтамен жұмыс істеймін. Ініп бүгін келе алған жоқ. Келін Астанада жұмыста. Жеңімпаз боламыз деп ойлаған жоқпыз. Сайысқа қатысқан кезде сұратқан ақпаратын бердік. Олар риза болды. Біздің отбасымызда өнерлі, спортқа жақын жандар да бар. Осындай жарыс өскелең ұрпақ үшін керек деп ойлаймын. Өйткені қазір отбасы құндылығын жоғалтып алдық. Соны қалпына келтіру үшін өте маңызды. Шараға қатысып жатырғанымызға бір айдай уақыт болды. Сол аралықта жанұямыздың ауызбіршілігі артып, бір-бірімізді бағалай бастадық, - дейді Альфия Суюнгараева.
Суюнгараевтер жанұясы «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде өңір намысын қорғайды. Конкурс 2013 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.
Автордың фотосы.