Оралда техникалық және кәсіптік білім беру саласының қызметкерлері марапатталды 📷
2 қазан- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлерінің күні.
Биыл тұңғыш рет ел аумағында техника және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл мереке мемлекет басшысының бастамасымен тойлануда. Тиісті бұйрыққа биыл қол қойылды. Осыған орай облыс орталығында орналасқан Жастар мәдениет үйінде кәсіптік білім беру саласында ұзақ жылдар бойы тер төккен ардагер, қазіргі таңда маман даярлайтын ұстаздар бас қосты.
Ал мәдениет үйінің фойесінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Мұнда қазіргі таңда кәсіби маман даярлаумен шұғылданатын оқу ордаларының студенттерінің қолынан шыққан бұйымдар мен заттар қойылған. Мәселен, меймандар жас дизайнерлердің киім коллекциясы, ағаш пен темірден жасалған бұйымдар мен нан өнімдерін тамашалады.
Салтанатты жиында барша ұстаздарды Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтады. Аймақ басшысы әрбір техника және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлерінің еңбегін атап өтті. Бүгінгі таңда өңірде кәсіптік колледждерде дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Осы жүйемен 2559 студент 33 мамандық, 52 біліктілік бойынша білім алады.
— Батыс Қазақстан облысында кәсіптік білім беру жүйесі тұрақты даму үстінде. Бұл – өз ісіне адал, тәжірибелі де білімді ұстаздар мен сала мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сіздер жастарға тек мамандық үйретіп қана қоймай, еңбекке деген құрмет пен адамгершілік қасиеттерді дәріптеп, кәсіби шеберлікке, жауапкершілікке баулып, болашақтарына бағыт-бағдар беріп жүрсіздер. Бүгінде жұмысшы мамандықтарына сұраныс артуда. Өткен аптада ғана өткен «Еңбек жолы» облыстық конкурсында жұмысшы отбасыларының династиялары марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл дегеніміз азаматтарымыздың еңбек адамы ретіндегі жоғары жауапкершілігі мен қоғамдағы белсенділігін білдіреді. Осы орайда кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Облысымыздағы 15 мыңнан астам білім алушының шамамен төрт мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда, — деп атап өтті Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Өңір басшысы бар ғұмырын жас мамандарды тәрбиелеуге арналған ардагер ұстаздарды марапаттады. Соның бірі -Жәнібек ауданының құрметті азаматы, 40 жылдан астам педагогикалық өтілі бар Амангелді Уахитов. Ақсақал кәсіптік, техникалық білім беретін қызметкерлердің еңбегі еленіп, арнайы кәсіби мереке деп белгіленгеніне дән риза.
Кейіпкеріміз ұзақ жылдар бойы кәсіптік, техникалық білім беру саласында еңбек етті. Ол осы қызметі үшін Кеңес Одағының кәсіптік техникалық білім беру ісінің озаты атанған. Тәжірибесі мол маман Қазақстан Республикасының халыққа білім беру істе еңбегі сіңген мұғалім деп танылған.
— Мен көп жыл бойы Жәнібек ауданында еңбек еттім. Мектепте жұмыс істедім. Кейін 18 жыл Жәнібектің училищесі қазір колледжінде сонда еңбек еттім. Бүгін мереке күні сыйлап, шақырып жатқандарына рақмет айтамын. Үлкен мереке! Жұмысшы мерекесі. Еліміздің тірегі-жұмысшы халық. Сондықтан осы жастарды тәрбиелеу ісінде қызмет атқарып жатқан, колледждерге, басқа да оқу орындарында еңбек етіп жүрген жандарды мерекемен құттықтаймын, — дейді Жәнібек ауданының құрметті азаматы Амангелді Уахитов.
Салтанатты жиында кәсіптік және техникалық мекемеде династиямен еңбек етіп жүрген жаңақалалық Тлеубергеновтер әулеті марапатталды. Шайдолла Тлеубергенов Жаңақалада колледжде сабақ беріп, 2004 жылы қызметте жүрген кезінде жарақат алып, денсаулығына байланысты зейнетке шығыпты. Әкесінің ісін, баласы мен келіндері, қазір немересі жалғастырып отыр. Шайдолла ақсақал «немеремді қолдау үшін осы жиынға арнайы келдім», — дейді.
Облыстық білім басқармасының таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда өңірде 35 колледж жұмыс істейді. Оның-тоғызы жекеменшік, қалғаны-мемлекеттік мекеме.
Сондай оқу ордаларының бірі-Орал политехникалық колледжі. Білім ордасы жас құрылысшыларды даярлаумен айналысады. Қазіргі таңда 500 тарта студент жеті мамандық бойынша білім алады. Олар дуалды оқыту жүйесімен алған білімін тәжірбиеде қолданып, шеберлігін шыңдауда. Оқу процесінің 60 пайызы осы жүйемен жүргізіледі.
— Дуалды оқыту жүйесін іске асыру үшін Оралдағы ірі кәсіпорындар мен компаниялармен келісімшарт жасалды. Студенттеріміздің барлығы екінші, үшінші курстан бастап дуалды жүйеде машықтан өтеді. Білім алушыларға 40 тарта мұғалім сабақ береді. Оннан астам арнайы пән мұғалімі бар. Өткен оқу жылында бітірген түлектердің 82 пайызы жұмыспен орналасты. Түлектердің ішінде өзінің кәсібін бастағандар бар. Машық өткен жерінде еңбек жолын бастаған жастар да бар, — Орал политехникалық колледжі директорының оқу – өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Абзал Ризуанов.
Сала мамандары жыл санап жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артып келе жатқанын айтады. Қазір дәнекерлеушілерге деген сұраныс көп. Тіпті, 21 жастан бастап кран тізгіндейтін мамандар көмекші болып, еңбекке арасуда. Облыстық білім басқармасы бүгінгі таңда колледждер қабырғасында 15 692 студент білім алатынын хабарлады. Оларға 1500 астам педагог-инженер сабақ береді.