Қазақстанда үй жанындағы дүкендерде бағаларды бақылауды күшейтпек
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шағын дүкендердегі азық-түлік тауарларына 15 пайыз сауда үстемесін бақылауды қолға алмақ.
Қазақстанда үй жанындағы дүкендерде азық-түлік бағалары бақыланбақ. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев үкімет отырысында мәлімдеді.
Үкіметтің жиында атаулы әлеуметтік көмекке көшу жөніндегі тапсырма шеңберінде ел аумағында бағаларды бақылауды күшейтуге және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге бағытталған шаралар іске асуда екен.
— Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесін бақылауды күшейтуге көшеміз. Сонымен қатар, тиімді басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік беретін ӘМАТ бағасын талдау модулі іске асырылуда, — деп атап өтті сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев.
Үкімет отырысында сауда министрі атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучерлерін ұсыну бойынша пилоттық жоба іске қосылуда деп хабарлады. Ваучермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды сауда үстемесіз бағасына сатып алуға мүмкіндік береді. Пилоттық жобаны Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қаласында бес мыңға жуық АӘК алушылардың қатысуымен өткізу жоспарланыпты.