Елімізде бірінші сыныпқа құжат тапсырудың уақыты өзгерді. Жаңашылдықтарға сәйкес білім ордалары бірінші сыныпқа арналған құжат қабылдау процесі 27 мамырдан басталмақ. Бұл процесс 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Осыған дейін бірінші сыныпқа құжат қабылдау процесі бірінші сәуірден басталған-ды.
- Бұған дейін бірінші сыныпқа құжат тапсыру бірінші сәуірден басталды. Дәл осы кезеңде мектебімізде сабақ процесі жүріп жатады. Соған байланысты кейде мектеп басшылығы да мектептегі мұғалімдер де, айти саласының мамандары да, өздері оқу процесімен қарбаласып жатқан кезде, кейде осы бірінші сыныпқа құжат қабылдауды тиімді ұйымдастыру мүмкін болмай, қалған кезеңдерді жақсы білеміз. Сондықтан осындай келеңсіз жайттарға жол бермес үшін биыл біз бірінші сыныпқа құжат қабылдауды қайта қарастырдық, - деп хабарлады министр Жұлдыз Сүлейменова.
Орал қаласы білім беру бөлімінің таратқан ақпарына сүйенсек, 27 мамыр мен 9 маусым аралығында Батыс Қазақстан бойынша қабылдау кезеңі деп бекітілген. 11 шілде мен 31 тамыз аралығында бос орын болған жағдайда қабылдау барлық өңірде жалпы тәртіппен жүзеге аспақ.
Сала мамандары мектепалды даярлықтан өткен және сол білім беру ұйымында оқуын жалғастыруға ниет білдірген балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданатынын еске салады. Ал, басқа мектепті таңдаған жағдайда құжаттар жалпы негізде тапсырылады.