Қазақстанда оныншы мамырда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Биыл білім сынағын талапкерлер екі мәрте тапсыра алады. Осы мүмкіндікті 240 мың адам пайдаланбақ. Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан ақпарына сүйенсек, негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін талапкерлер 446 мыңнан астам өтініш білдерген.

Тестке қатысатындардың 73 пайызы қазақ тілінде, 27% орыс тілінде, ал 521 адам ағылшын тілінде сынақ тапсырмақ. Батыс Қазақстан облысында 7286 бала ҰБТ-ға қатысады.

- Тестіленушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 17,9%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын, 14,5%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын, 12,4%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған, - деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды.

ҰБТ тестілеу оныншы шілдеге дейін жалғаспақ.