Маңғыстау облысында туризмді қолдауға бағытталған миллиондаған бюджет қаражатын заңсыз иемденген кәсіпкерлік өкіліне қатысты сот үкімі күшіне енді. Алаяқтық пен қылмыстық кірісті заңдастырды деп танылған айыпталушы бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Субсидияны қалай алды?
Тергеу материалдары көрсеткендей, жеке кәсіпкердің өкілі демалыс базасының құрылыс шығындарын өтеу үшін мемлекеттен 117,2 миллион теңге көлемінде субсидия алған. Алайда бұл қаржы жалған жобалық-сметалық құжаттама арқылы бөлінгені анықталды. Құжаттарда атқарылған жұмыс көлемі әдейі ұлғайтылып көрсетілген.
Тексеріс барысында бұл нысан мемлекеттік қолдау шаралары басталғанға дейін-ақ салып қойылғаны белгілі болды. Оның үстіне, құжатта жазылған жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде мүлде орындалмаған.
Ақшаны қалай көбейтпек болды?
Алаяқтық жолмен қолға түскен бюджет қаржысы сол күйі жұмсалмай, банк депозитіне салынған. Кәсіпкер осы арқылы ақшаны заңдастырып қана қоймай, үстінен қосымша 5,6 миллион теңге пайыздық кіріс тапқан.
Ақтау қалалық сотының шешімімен ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен тапқан қаржысын заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл үкім өз күшіне еніп, айыпталушы жазасын өтейтін болды. Прокуратура өкілдері мемлекеттік қаржыны мақсатсыз жұмсау немесе алаяқтық жолмен алу қатаң жазаланатынын қадап ескертті.