Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 110 отбасы «Қаладан ауылға» бағдарламасына қатысып, ауылға қоныс аударған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл бес жанұя ауылға көшіпті. Ауылға көшкен жандардың үшеуі жұмысқа орналасып, бес отбасы баспаналы болыпты. Бағдарламаға қатысушылары Бәйтерек, Жәнібек пен Қаратөбе ауданына қарасты елдімекендерде өмір сүріп жатыр.
Облыс әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, өткен жылы 483 адам ауылға көшкен. Елдімекендерде қоныс тепкендердің 104-і екі қолға бір күрек тауып, қызметке орналасқан. Казталов пен Сырым ауданына көшіп барған екі адам өз кәсібін ашыпты. Былтыр ауылға көшкен жанұялардың 101-і баспаналы болып, қоныс тойын тойлапты. Баспаналы болғандардың 55 тұрақты үймен қамтылса, қалғаны уақытша тұратын баспанаға қол жеткізген.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы өңірде «Қаладан ауылға» пилоттық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама ауылда халық санын тұрақтандырып, жастардың санын арттыруды, бес жылдай Орал мен Ақсайда пәтер жалдап жүрген жандарды ауылдық жерде тұрғын үймен қамтамасыз етіп, елдімекендерге орналасқан мектептердің жабылып қалудың алдын алуды көздейді. Күні бүгінге дейін осы бағдарламаға арқылы 230 жанұя ауылға қоныс аударған. Пилоттық жоба 2026 жылға дейін арналған.