Батыс Қазақстан облысында 2026 жылдың екі айында 48 адамнан туберкулез анықталған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Биыл осы кеселдің екі науқас қайтыс болды. Былтыр туберкулездің кесірінен дүние салғандардың саны 11-ді құрапты.

Қазіргі таңда жұқпалы сырқатты жұқтырған 74 адам облыстық фтизиопульмонология орталығында ем-дом қабылдап жатыр.

– Орталықта туберкулездің ашық түрімен ауратын наукастар, сонымен бірге баска да патологиясы бар (қант диабеті , ӨСОА (ХОБЛ) және т.б.), сондай-ақ өкпеде кең таралған процестері бар науқастар емдеуде, – делінген Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында.

Өткен жылы өңірде 19 бала туберкулезбен сырқатыпты. Алайда биыл балалар арасында жұқпалы індетке шалдыққандар туралы ақпарат жоқ. Басқарма мұндай мәліметті ұсынбады. Дәрігер тек 2024 жылмен салыстырғанда сырқаттанған балалардың саны бесеуге азайғанын хабарлады.

Туберкулез – ауа тамшылары арқылы жұғатын жұқпалы індет. Осы кеселмен күресу үшін мемлекет барын салып, түрлі халықаралық бағдарламаларға қатысуда.

Осы ауруды ерте анықтау үшін фтизиопульмоногиялық орталығында «Ашық есік» күндері ұйымдастырылады. Емдеу мекемесіне кез-келген тұрғын келіп, жұқпалы сырқаттың бар- жоғын анықтау үшін дәрігерлерге қарала алады. Мұндай іс-шаралар адамның әлеуметтік сақтандыру статусына қарамай, тексерілуге мүмкіндік береді. Өткен жылы «Ашық есік» күні арқылы 11 адам тексерістен өтіпті. Соның ішінде бір тұрғыннан жұқпалы індет анықталды.

Туберкулезді ерте анықтаудың тағы бір жолы ол скринигтен өту. Денсаулық сақтау басқармасы аймақта өткен жылы осы медициналық тексерістен 142 492 адам өткенін хабарлады. Тексеріс нәтижесінде 87 батысқазақстандықтан туберкулез анықталған.

Жұқпалы індеттің арнайы белгілері бар. Адам егер екі аптадан артық жөтелсе, салмақ тастап арықтаса, түнде терлесе, дене әлсіздік болса, дереу дәрігерге қаралған абзал.

Туберкулез сырқаты анықталса, науқастар 6-8 ай немесе кеселдің төзімді түрімен ауырса, 9-24 айға дейін емделеді.

Дәрігерлер сақтық шараларын сақтауға шақырады.

– Туберкулез таяқшаларының жұғуынан, яғни тыныс алу жолдары арқылы туберкулез ауруының қоздырғышының ағзаға түсуінен сақтану керек өлмені жүйелі түрде желдетіп отыру керек. Жөтеліп жүрген адамдар бетперде тағуы қажет. Туберкулездің ашық түріне шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болмау керек. Тамақтану тәртібі мен жиілігін сақтап, зиянды және улы қоспаларды қолданбау, стресстерге қарсы тұра білу , арақ-шарап пен темекі, есірткі заттарын қолданбау қажет. Жыл сайын емханада флюрографиялық тексерістен өту керек, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.