Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Ресейдің Орынбор вице-губернаторымен кездесті. Қос тарап су тасқынының алдын алу, экономикалық және инвестиция мәселесін талқылады. Кездесуде қос елдің өкілдері көктемгі су тасқынының алдын алуға екпін жасады.
Көктемде Жайық өзеніне Ирикла қоймасынан қанша текше метр су жіберілетіні көпті алаңдатып отыр.
– Қазіргі таңда Ирикла су қоймасы шамамен 70 пайызға толып тұр. Мамандар мұнда көктемгі кезеңде келіп түсетін су көлемі 800 миллионнан 1,4 миллиард текше метрге дейін жетеді деп болжап отыр. Бүгінде Ирикланың төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі секундына 139 текше метрді құрайды. Ал 27 наурыздан бастап секундына 60 текше метр су босатылады. Бұл – Жайық өзеніндегі суды қауіпсіз өткізу мақсатында қабылданған шешім, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, гидрологиялық болжамдарға сәйкес, биыл Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы су деңгейі 500–600 см аралығында көтерілуі ықтимал. Трансшекаралық өзенінің қауіпті деңгейі 850 см-ден басталады.