Күн санап интернет алаяқтары азаматтардың тапқан-таянғанын қалтаға басу үшін барын салып, алдаудың жаңа түрін ойлап табады. Олар телефонға түрлі мекеменің қызметкері болып қоңырау шалып, әлеуметтік желідегі парақшаны бұзып, туыс пен таныстардан сіздің атыңыздан ақша сұрайды.
Бас прокуратураның таратқан ақпарына сүйенсек, биыл алты мыңнан астам қазақстандық телефон алаяқтарына алданған. Прокурорлар қылмыскерлердің көп жағдайда бұрынғы әдіс-тәсілдерді қолданатынын атап өтті. Қазіргі таңда алаяқтар азаматтардың телефонына «1414» қысқа нөмірінен SMS-код жіберіп, құзырлы органның қызметкері болып хабарласады. Алдап жатыр, атыңызға несие алмақшы деген ақпар таратады. Алаяқтар адамдарды қорқытып, банк есепшотындағы ақшаны сыпырып алып, тіпті атына жаңа несие рәсімдейді.
– Бұған дейін «1414» қысқа нөмірінен SMS-кодты алу үшін жіберілген жәбірленушінің нөмірін енгізу жеткілікті болатын. Енді «1414» SMS-шлюзін пайдаланатын жүйелерге тек биометриялық аутентификацияны (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) немесе QR-кодты (eGov QR) қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Ағымдағы жылдың желтоқсан айынан бастап аталған талаптарды енгізбеген жүйелер «1414» SMS-шлюзінен ажыратылды. Бұл шаралар азаматтарды алаяқтардан қорғауды арттыруға бағытталған, - деп хабарлады бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бас прокуратура азаматтарға алаяқтарға алданып қалмас үшін мына ережелерді ұстануға кеңес береді.
Мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-тен бір реттік кодтарды, карта деректерін немесе парольдерді сұрамайды;
Ақша аудару үшін "қауіпсіз шоттар" жоқ;
Күдікті қоңыраулар кезінде абай болыңыз, деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
Күмән туындаған жағдайда дереу банкке немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарласыңыз;
Кибергигиена ережелерін сақтаңыз;
Тек ресми қосымшалар мен қызметтерді қолданыңыз, сілтемелер мен хабарламаларды тексеріңіз.