Бірнеше жыл бойы адам ағзасын саудалаумен айналысқан қылмыстық топтың мүшесі Польшадан экстрадицияланды. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Қолға түскен күдікті бес жыл бойы халықаралық іздеуде болыпты. Қолға түскен күдікті Украина азаматы екен. Ол трансұлттық қылмыстық топтың мүшесі болыпты. Аталмыш топ 56 адаммен заңсыз мәліме жасап, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында сатып алу-сату және кейіннен трансплантациялауды ұйымдастырған.
– Польшадан адам ағзаларын сатқаны үшін іздеуде жүрген Украина азаматын экстрадициялады. Ол 2017-2018 жылдар аралығында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, адам ағзаларын заңсыз сатып алу-сатумен айналысқан деген күдікке ілінді. Оның рөлі донорлар мен реципиенттер іздеу және олардың арасындағы кездесулерді ұйымдастыру, органдарды сатып алу-сату мен трансплантациялау операцияларын құпия ұстау және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз ету болды,– деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.
2025 жылдың наурыз айында ол Польша шекарасын кесіп өтпек болған кезде ұсталып, бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін бұл қылмыстық ұйымның екі мүшесі Түркия мен Ресейден қайтарылған болатын.