Ақтөбеде тұрғындарды толғандырған әлеуметтік мәселені шешіп беремін деп азаматтардан ақша алған ер адам ұсталды. Облыстық полиция департаментінің таратқан ақпарына сүйенсек, күдікті жәбір көрген адамдардың сеніміне кіріп, оларға түрлі сылтау айтып, қаражатын қалтаға басып, табанын жалтыратқан.
Ол бірде 51 жастағы әйел адамнан 400 мың теңге көлемінде ақы алыпты. Зардап шеккен әйелдің баласы ІІІ топтың мүгедектігі екен. Күдікті осы мүгедектікті ІІ топқа ауыстырып беруге көмектесемін деп алдап соққан. Енді бірде күдікті мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 27 жастағы тұрғынға баспана кезегін жылжытып беремін деп уәде берген. Бұл қызметі үшін бір миллион теңге қаржыны қалтаға басқан. Бірақ ол сертінен тайып, ақшаны өз қажетіне жаратқаны белгілі болды.
Қазіргі таңда әлеуметтік мәселені шешіп беретін деп ақша алған тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталыпты. Және осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Ақтөбе облысы полиция департаменті: «Азаматтарға мүгедектік тобын белгілеу немесе өзгерту, сондай-ақ тұрғын үй кезегіне қою және оны жылжытуға қатысты мемлекеттік қызметтер заңнамада белгіленген тәртіппен ғана көрсетілетінін ескертеді. Егер қандай да бір адам мұндай мәселелерді ақылы түрде шешіп беремін деп ұсыныс жасаса, оның сөзіне сенбей, дереу полицияға хабарлауыңызды сұраймыз», -дейді.