Ақтөбеде егінге орақ салатын шаруаларды дизель отынымен қамту ісі пысықталуда. Осы жылы дихандардың өнімді жинап, қамбаға бидайды жинауы үшін сегіз мың тонна сұйық отын қажет. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Әкімдік шаруаларға дизель отынын жеткізеп беретін операторды шілденің аяғына дейін анықтауы тиіс.
— Болжам бойынша дизель отынының тапшылығы немесе жеткізілуі кезінде кідірістер болмайды. Барлық ұйымдастыру мәселелері жоспарлы түрде шешіліп, тұрақты бақылауда тұр. Уақытылы жеткізілетін дизель отыны егін орағы науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізуге және жаппай өнім жинау кезеңінде ауыл шаруашылығы техникасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.