Ақтөбеде бес адам темір тұлпардың иесіне күш көрсетіп, автокөлігін өзге адамның атына аударуға мәжбүрлепті. Облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, тәртіп сақшыларына 38 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны арыз түсірген. Ол бастан кешкен жағдайын жіпке тізіпті. Жәбір көрген тұрғын бес адамның ұзақ уақыт бойы көлігінде ұстап, оған күш қолданғанын хабарлапты.
— Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерін тарта отырып жүргізген арнайы операция барысында күдіктілердің барлығы анықталып, ұсталды. Аталған факті бойынша бопсалау дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.