Ақтөбеде белгіленбеген орында заңсыз сауда жасағандар айыппұл арқалады. Облыстық полиция департаментінің таратқан ақпарына сүйенсек, бірінші мамырдан бастап әкімшілік хаттама 47 адамға толтырылған. Рейд барысында қала көшелерінде қарбыз-қауын, кәуап сатқан деректер тіркелген.
— Полиция мұндай заңсыз сауда қоғамдық орындардың санитариялық жағдайына кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді. Себебі рұқсат етілмеген орындарда сатылатын азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді, сондай-ақ олардың сақталу талаптары мен шығу тегі тиісті бақылаудан өтпейді, — деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгіленбеген жерде сауда-саттық жасаудың жолын кесу үшін келешекте де рейдтер жалғаспақ.