Алаяқтар интернетте азаматтарды алдаудың жаңа түрін ойлап тапқан. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды. Сайт таратқан ақпаратқа сүйенсек, алаяқтар WhatsApp-та алдап-арбаудың жаңа түрін ойлап тапқан.
– Шетелдік дереккөздердің мәліметіне сәйкес кибералаяқтар WhatsApp аккаунттарын басып алудың жаңа қылмыстық схемасын қолдануда. Бұл әдіс GhostPairing деп аталады және парольдерді бұзуды, SIM-карталарды ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар WhatsApp-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы қол жеткізеді. Сценарийі қарапайым. Пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жасырынған хабарлама жіберіледі, ол Facebook пен WhatsApp интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды. Контентке қолжетімділікті растау үшін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осыдан кейін зиянкес автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, WhatsApp-қа толық қол жеткізеді (хабарламаларды оқу, медиафайлдарды қарау, байланыстар тізімі, хабарлама жіберу, фотогалереяға қолжетімділік),– деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары телефон әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайтынын атап өтті. Тек WhatsApp-тың "Байланыстырылған құрылғылар" бөлімін қайта-қайта тексеріп отыру керек. Кез келген белгісіз қосылған аккаунт алаяқтардың әрекетін көрсетеді. Бөгде аккуантты дереу жою қажет.
– Полиция қызметкерлері киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Белгісіз кіріс хабарламаларға, қоңырауларға және әр түрлі хабарландыруларға мұқият болуды ескертеді. WhatsApp кодын бөгде парақшаларға енгізбеуге, екі факторлы аутентификацияны пайдалануға аккаунтыңыздың белсенділігін тұрақты түрде тексеріп отыруға кеңес береді,- деп ескертеді Polisia.kz.