Балқаш қаласында апатты деп танылған тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті. Шаһар әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, оқиға 19 ақпанда сағат таңғы 8.10-дар шамасында тіркелген. Қараменде би көшесі, 10 мекенжайында орналасқан баспана бұрын апатты деп танылыпты.Баспананы бұзбақшы болыпты.Әкімдік жан баласы тұрмайтын кіреберіс құлады деп ақпар таратты. Оқиғаның кесірінен қаза тауып, зардап шеккендер жоқ екен.
– 2025 жылы көрсетілген кіреберіс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде апатты деп танылған. Бесінші кіреберістің тұрғындары алдын ала қлныс аударылып, пәтерлері тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде есепке қойылғанын хабарлаймыз. Құлау сәтінде қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылды. Инженерлік коммуникациялар (электр, жылу, су жүйелері) белгіленген тәртіппен ажыратылды, – деп хабарлады Балқаш қаласының әкімдігі.
Балқаш әкімдігі құлаған бесінші кіреберісті барлық техникалық талаптарды сақтай отырып, демонтаж жұмыстарына кіріседі. Кейін төртінші кіреберісті қосымша техникалық тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізіледі. Келешекте кіреберістерді күшейту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталмақ.