Ақтөбе облысында 12 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі
Ақтөбе облысының әкімдігі 2025 жылы аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында 12 білім ошағы салынып, ел игілігі үшін пайдалануға беріледі деп хабарлады.

2025 жылы Ақтөбе облысында «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарлама аясында 12 білім ошағы салынбақ. Оқу ордалары жыл соңына дейін тапсырылмақ. Ақтөбе облысы әкімдігі жақын күндері екі жаңа мектепте сабақ процесі басталатынын хабарлады. Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев мен құрылыс сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев өңірдегі мектеп құрылысымен танысты. Олар Алтын Орда тұрғын алабындағы 2000 орындық, Жаңақоныс-2 тұрғын алабындағы 600 орындық және Мәртөк ауданы Сарыжар ауылындағы 300 орындық мектептің құрылыс барысын бағамдады.
Құрылыстың қарқыны ширақ екен. Құрылысшылар ғимараттың ішін әрлеп, инжелердік желілерді төсеген. Әкім орынбасары мердігерге ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын толықтай аяқтап, инженерлік желілерді уақытылы қосу мен іргелес аумақты абаттандыруға жұмыстарын атқаруды тапсырды.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында оқу ошақтары облыс орталығының Батыс-2 шағын ауданында, Жаңақоныс-2, Бауырластар-3, Сазды, Саяжай-1, Есет батыр, Оңтүстік-батыс-2 тұрғын алаптарында, сондай-ақ, Темір, Мұғалжар, Мәртөк ауданында бой көтермек.