Ақтөбе облысында музыка пәнінің мұғалімі "заңсыз жұмыстан қуылдым" деп сотқа шағымданып, құқығын қорғады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Іс Мұжалғар ауданының сотында қаралыпты.
Талап қоюшы сотқа берген мектебінде бұған дейін музыка пәнінен сабақ берген. Ол өз еркімен осы оқу ордасынан жұмыстан шыққан. Араға уақыт салып, директордың міндетін атқарушы талап қоюшыны 0,5 бірлікпен музыка пәнінің мұғалімі ретінде қызметке қабылдап, уақытша келісімшарт жасасқан. Бірақ келісімшарттың нақты мерзімі көрсетілмеген.
Мектеп директоры педагогқа келісімшарт аяқталды деген желеумен мұғалімді жұмыстан шығарған. Ұстаз бұған көңілі толмай, келісімшартта уақыт көрсетілмегенін алға тартып, сотқа шағымданды. Осы істі зерттеген еңбек инспекциясының мамандары келісімшартта еңбек ету мерзімі көрсетілмегенін растапты.
– Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес мерзімді еңбек шартында оның қолданылу мерзімі міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Бұл талап сақталмаған жағдайда, еңбек шарты мерзімсіз болып есептеледі. Анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот даулы бұйрықты заңсыз деп танып, талап қоюшыны бұрынғы жұмысына қайта орналастыру және заңсыз бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіру туралы шешім қабылдады, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енді. Заңсыз жұмыстан қуылған мұғалім қызметіне кірісіпті. Соттың шешіміне сәйкес педагогтың жалақысы да төленбек.