Ақтөбеде 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу берілмек
Ақтөбе қаласының тұрғындары үшін жылыту маусымы 15 қазаннан басталмақ.

Ақтөбеде бірінші қазаннан бастап барлық әлеуметтік нысандарға жылу берілмек. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру маусымы 15 қазаннан басталмақ.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармасының таратқан ақпаратқа сүйенсек, шаһарда 2100 көпқабатты баспана бар. 1556 қоныс «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалған 544 үй автономды жүйе мен жеке құрылысшылардың қазандықтары арқылы жылумен қамтамасыз етіледі.
— Қалада барлығы 130 қазандық жұмыс істейді, оның 27-сі — «Aqtobe Su-Energy Group»-тың теңгерімінде, ал қалғаны — басқарушы ұйымдардың меншігінде. Бүгінгі күні 97 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, алтауы күрделі жөндеуден өтті. Қайта жаңғырту бағдарламасы аясында тағы 6 қазандыққа (көпқабатты үйлерде) күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жылыту маусымында бюджет ұйымдарына 20,7 мың тонна көмір және 1,2 мың тонна дизель отыны, ал халыққа 19 мың тонна көмір дайындау жоспарланған. Ауылдардағы барлық қазандық жөндеуден өткізілді, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармасының басшысы басшысы Арысұлан Айтбаев.
Жиында облыс әкімі Асхат Шахаров тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда апатқа жол бермей, мекемелердің жеке жауапкершілігін еске салды.