Ақтөбеде көлікті заңдастырамын деп сендірген алаяққа үкім шықты

Ол тұрғындардан 3 млн теңгеден астам қаражатты алып, қажетіне жұмсаған.

Ақтөбеде көлікті заңдастырамын деп сендірген алаяққа үкім шықты
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Ақтөбеде ресейлік нөмірлі көліктерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөміріне тіркеп беремін деген алаяқ сотталды. Бұл туралы Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады. 

Күдікті 2023 жылдың мамыр айында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жәбірленушімен танысқан. Ол темір тұлпарды заңдастырып беруді ұсыныс жасап, бұл қызметі үшін 665 мың теңге қаржы сұрапты. Жәбірленуші 450 мың теңгені алаяққа қолма-қол санап берген. Қалғанын банк есепшотына аударыпты. Істі болған адам қаржыны өз қажетіне жұмсапты. Сотталған азамат дәл осындай тәсілмен төрт жәбірленушіден үш миллион 360 мың теңгені құрайтын материалдық шығын келтіріпті.

Сотталушы сот отырысында кінәсін толық мойындапты. Судья азаматтарды алдап соққан адамды қылмыстық кодекстің 190 бабы, үшінші бөлігінің төртінші тармағымен кінәлі деп таныды. Алаяқтық жасаған тұрғынға  үш жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp