Ақтөбе облысында заңсыз алкоголь өнімін сақтап, оны саудалаған кәсіпкер жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Мұғалжар ауданының полиция бөлімі масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін сауда-саттық пен көңіл көтеретін орындарды тексерген. Нәтижесінде Қандыағаш қаласында орналасқан кафелердің бірінде заңсыз алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау және сату дерек анықталыпты. Тәртіп сақшылары мекемеден 75 литрге жуық алкоголь өнім тәркілепті.
– Анықталғандай кафе иесі алкоголь өнімдерін сатуға арналған тиісті мемлекеттік лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Жыл басынан бері аталған ойын-сауық мекемесіне полиция қызметіне үш рет шақырту түскен, – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Заңсыз арақ-шарап сақтаған кәсіпкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200 және 463-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Ол 281 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.