Ақтөбеде жер телімін сатамын деп азаматтарды алдап соққан алаяқ ұсталды. Ақшасын санап беріп, жер телімін ала алмаған Мәртөк ауданының тұрғыны полицияға арыз жазыпты. Бұл туралы Ақтөбе облысының полиция департаменті хабарлайды. Қолға түскен азамат жоқ жерді сатамын деп адамдарды алдап, ақшасын қалтаға басқан.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 37 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді.Тексеру барысында күдіктінің меншігінде жер телімдері болмағанына және оларды сатуға құқығы жоқ екеніне қарамастан, азаматтарға тартымды бағамен жер телімдерін сататынын айтып, олардың сеніміне кіргені анықталды. Ақшаны алғаннан кейін ол өз міндеттемелерін орындамаған, – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсталған күдікті үш алаяқтық қылмысына қатысы бар екені анықталған. Күдікті зардап шеккен тұрғындарға бес миллион теңге көлемінде шығын келтіріпті.

Тәртіп сақшылары : "Қазір жер сатамын деп алдап соққан адамға қатысты «Алаяқтық» қылмысы бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктінің өзге қылмыстарға қатысы бар екені тексерілуде", деп хабарлады.

Полиция азаматтарға жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде құқық белгілейтін құжаттарды мұқият тексеріп, мәмілені заңды түрде рәсімдемей тұрып ақша бермеуге кеңес береді.