Ақтөбе облысында үшем дүниеге келді
Шақалақтар бір айдан астам уақыт облыстық перинаталды орталықта дәрігерлердің жіті бақылауында болыпты.
Ақтөбе облысында үшем дүниеге келді. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Нәрестелер Лайықовтар әулетінде дүниеге келді. Шалқар қаласының тұрғыны 27 жастағы Аслан Лайықов пен Ляззат Жоламанов көпбалалы ата-ана атанды. Сәбилердің анасы жүктілігінің 31 аптасында үшемдерді босаныпты.
Шақалақтардың бойы 35 см, ал салмағы 1600, 1670 және 1490 грамм болып жарық дүниеге есігін ашты.
— Нәрестелер бірнеше минут айырмашылықпен дүниеге келген. Шақалақтар бір айдан аса облыстық перинаталдық орталығы дәрігерлердің жіті бақылауында болып, тұрақты ем қабылдаған. Қазіргі таңда сәбилердің және анасының жағдайы жақсы. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов өз құттықтауында көпбалалы отбасыға жақсылықтар тілеп, естелік сыйлығын тарту етті,— деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жас отбасының бұдан бөлек, бес және үш жастағы екі перзенті бар.