Атырауда 33 бала отырған автобус балшыққа батып қалды. Жолға қалғандарға полиция қызметкерлері көмекке келіпті. Оқиға Атырау-Индер тасжолының 178 шақырымында болған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Қазіргі таңда жолдың осы учаскесі жөнделіп жатыр. Автобус айналма жолда балшыққа батып қалған.
— Атырау облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Самат Даукенов пен Дәурен Жалауов бірден көмекке ұмтылды. Тәртіп сақшылары жағдайды жедел бағалап, жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым қызметкерлерін іздестіріп, қажетті техниканы ұйымдастыру шараларын қабылдады. Арнайы жүк көлігінің көмегімен автобусты қауіпсіз жерге шығару жұмыстары жүргізілді. Алғашқы сүйреу әрекеті кезінде тростың үзілуіне қарамастан, полицейлер қосымша құрал-жабдықтарды жеткізіп, автобусты жолдың қауіпсіз бөлігіне шығаруға ықпал етті,– деп хабарлады Polisia.kz.