Жақында жаңа оқу жылы басталады. Биыл да әлеуметтік осал топтарына жататын балаларды киіндіру үшін қомақты қаражат бөлініп отыр. "Жалпыға міндетті білім беру қоры" 450 мыңға жуық балаға көмек қолын созбақ. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл баланы мектепке киіндіру үшін 23 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Көмектің ең төменгі мөлшері бір балаға 50851 теңгені құрайды. Сала мамандары бұл өткен жылмен салыстырғанда он пайызға артық екенін мәлімдеді.
- Жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жекелеген өңірлерде төлем мөлшері жоғары болуы мүмкін. Көмек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі, - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе баланың заңды өкілі тиісті құжаттарын мектепке тапсыру керек. Құжаттарды 1 тамыз бен 30 қыркүйекке дейін қабылдайды.