Биыл 14828 этникалық қазақ тарихи Отанымен қауышып, қандас мәртебесін алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Көшіп келген отбасылардың дені Өзбекстан, Қытай, Түрікменстан, Ресей мен өзге елдерден қоныс аударған.
– Бірінші желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 34%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15%-ы жоғары білімді, 27,6%-ы орта кәсіби білімді, 51,1%-ы жалпы орта білімді, және 6,3% білім жоқ.Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды, – деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Тарихи Отанымен қауышқан қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облысы деп танылды.
2025 жылдың бірінші желтоқсанындағы мәліметке сүйенсек, Батыс Қазақстан облысына 46 этникалық қазаққа қандас мәртебесі беріліп, ұзартылған. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының орынбасары Асан Нарымбетов мәлімдеді.
– Ресей Федерациясынан 33 адам, Өзбекстан Республикасынан 8 адам, Түрікменстан Республикасынан 1 адам, Ираннан 1 адам, Иордания-1 адам, Египет-1 азамат, Моңғолиядан-1 адам келді. Келген қандастардың арасында еңбекке жарамды жастағылар-31 адам, зейнеткер-9 адам. Еңбекке жарамды тұлғалардың ішінде тоғыз адамның жоғары білімі, 23 адамның орта кәсіптік білімі бар. 32 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Көшіп келген қандастар Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Тасқала, Бәйтерек ауданы мен Орал қаласында орналасты. Тоғыз адамға қандас мәртебесі ұзартылды,–деп хабарлады Асан Нарымбетов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанұясымен елге көшіп келетін жандарға арнайы квота тағайындайды. Биыл осы квота 2309 құрайды. Биылғы жылдың бірінші желтоқсанына дейін 2218 қандас өңірлерге қоныстанып үлгерген.
Квотасы бар жандарға мемлекеттік субсидия төленеді. Бір мезгілде отағасы мен әрбір жанұя мүшелеріне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде және тұрғын үй жалдауға және коммуналды қызметтердің бір жылдық ақысын төлеп береді. Оның мөлшері 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.