Биыл Бөрлі ауданында 7,2 шақырым жол салынбақ. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады. Атқамінерлердің таратқан ақпарына сүйенсек, 2026 жылы Бөрлі ауданында Ақсу ауылына кіреберіс жол салынбақ. Өткен жылы құрылысы басталған Пугачев ауылдық округінің ішкі жолдары аяқталмақ.
Қазіргі таңда Ақсу ауылына кіреберіс жолын салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталған. Нәтижесінде тендерді жергілікті «Ақсай Бизнес Строй» ЖШС ұтып алыпты. Нысанда 30-дан астам адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.
– Қазіргі уақытта Ақсу ауылына кіреберіс жол құрылысы жобасы бойынша қажетті құжаттамаларды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жақын арада бастау жоспарлануда. Аталған жоба екі жылдық келісімшарт негізінде іске асырылуда. Құрылыс жұмыстарының тікелей орындалу мерзімі бес айды құрайды, – деп хабарлады Бөрлі ауданы тұрғын үй– коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Өткен жылы Бөрлі ауылының ішкі жолдары мен Қанай ауылына кіреберіс жолдың құрылысы аяқталыпты. Жолдардың жалпы ұзындығы 17,6 км шақырымды құрапты. Жауаптылар салынған жолдардың жағдайын жақсы деп бағалап отыр.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі таратқан ақпарға сүйенсек, биыл Бөрліде жол салу үшін қазынадан 496 848 709,85 теңге көлемінде қаражат бөлінді. Өткен жылы жол құрылысы үшін ауданда 3 710 279 204,4 теңге жұмсалған.
Биыл Бөрліде жоспарланған жол құрылысы іске асырылса, аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттарлық жағдайының үлесі 46,6 пайыздан 48,2 пайызға дейін артпақ.
Естеріңізге сала кетейік, Бөрлі ауданы аумағындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 156 шақырымды құрайды. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары 453,4 километрді құрайды. Ауданда автомобиль жолдарының ішінде қатты асфальт-бетон жабындысымен қамтылған жолдардың ұзындығы 250 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда Бөрлі ауданындағы автомобиль жолдарының 344 шақырымына құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет.