2026 жылы Бөрлі ауданында 38,11 шақырым жол жөнделмек. Бұл үшін бюджеттен 1 899 826 692,83 теңге қаржы бөлінді.
Бөрлі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің таратқан ақпарына сүйенсек, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары былтыр басталған«Жарсуат-Жанаталап» жолын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 14 шақырым жолдың жөндеуі толық аяқталмақ. Сондай-ақ, «Кентүбек – Қарағанды» бағытындағы автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қазіргі уақытта қажетті жобалық-құжаттамалық рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл ауданда жол жөндеу жұмыстарын жергілікті «Ақсай Бизнес Строй» ЖШС мекемесі атқармақ. Ауданның жауаптылары жол жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын мамырда ұйымдастырыпты. Жөндеу жұмыстарында 30-35 адам еңбектенеді деп тер төкпек.
— Жол жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылау жүргізіледі. Атап айтқанда, бөлімнің жауапты маманы айына 2-3 рет нысандарға барып тексеру жұмыстарын жүзеге асырады. Сонымен қатар, әрбір нысанда техникалық қадағалау қызметі ұйымдастырылған, техникалық қадағалаушы тұрақты түрде құрылыс алаңында болады. Бұдан бөлек, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» автомобиль жолдарының құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына бақылау жүргізеді, – деп хабарлады Бөрлі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары.
Жол салу мен жөндеу барысында мердігерлер кейде техника мен қажетті материалдары болмай, уақытты жоғалтып алатыны жасырын емес. Бөрлілік компания тендерге түспес бұрын техникасын сайлап, жөндеуге қажетті материалдарын түгендеп алыпты.
— Мердігер ұйымдар жол салу және жөндеу жұмыстарын орындауға қажетті арнайы техникамен, құрал-жабдықтармен және материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілген. Себебі мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу үшін әлеуетті өнім берушілердің қажетті техникасы мен материалдық ресурстарының болуы міндетті талаптардың бірі болып табылады, – деп хабарлады Бөрлі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары.