Биыл Батыс Қазақстан облысында екі бала терезеден құлап кеткен. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Сала мамандары биіктен құлаған балақайлар тиісті медициналық ем-дом қабылдағасын, жағдайы тұрақталды деп хабарлайды.
Күні бүгінге дейін өңірде терезеден құлап, қайтыс болған бала жоқ.
- Балалардың терезеден құлап кетуінің негізгі себептері - ата-аналардың қарауынсыз қалуы, москит торына сүйенуі және терезенің ашық болуы. Осыған байланысты БҚО ТЖД тұрғындар арасында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Жазғы уақытта терезеге мұқият болған абзал. Төтеншеліктер баланы жалғыз қалдырмауға, терезенің маңына жиһаз қоймау, маскит торына сенбеу мен арнайы терезе бұғаттағыш заттарды орнатуға кеңес береді.
- Жыл басынан бері БҚО ТЖД облыс көлемінде 156 терезе бұғаттағышын орнатты. Бұл құрылғылар балалардың терезені өздігінен ашуына жол бермейді және жазатайым оқиғалардың алдын алуда тиімділігін көрсетіп отыр, - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.