Тұрғын үйлерді күрделі жөндеу мен тозығы жеткен инженерлік желі, жеделсатыны ауыстырып, жаңалау үшін қомақты қаражат керек. Бұл жұмыстарды іске асыруға тұрғындардың қалтасы көтермейді. Сол себепті елімізде тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бағдарламасы іске асып жатыр. Мәселен, өткен жылы Орал мен Ақсай қаласында көпқабатты тұрғын үйлер жөндеу мен жеделсатыны алмастыру үшін 597,1 миллион теңге бөлініпті.
- Облыстық бюджеттен 525,6 миллион теңгеге Орал қаласы бойынша 11 лифт, Ақсай қаласы бойынша бес лифт және Орал қаласы бойынша бес көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев.
Бұдан өзге, былтыр Ақсай қаласының өз бюджетінің есебінен бес жеделсаты алмастырылыпты. Бұл үшін қазынадан 71,5 миллион теңге бөлінген.
- Көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуге бұрын бөлінген бюджеттік кредиттерден алынатын қайтарымды қаражаттың және үнемдеу есебінен 367,2 миллион теңгеге Орал қаласы бойынша үш жеделсаты және бес көпқабатты тұрғын үйкүрделі жөндеуден өтті, -деді Қанат Өмірәлиев.
Басқарманың 2026 жылға арналған жоспары күшті. Биыл Орал қаласы бойынша 21 жоба, Ақсайда 22 жобаны атқару жоспарланыпты. Күрделі жөндеуден бөлек, тозығы жеткен сегіз жеделсаты алмастырылмақ. Бұл жоспар республикалық және облыстық бюджеттен ақша бөлінген кезде ғана жүзеге аспақ.