Биыл жаңа оқу жылының қарсаңында сегіз мектеп пайдалануға берілмек. Жағымды жаңалықты облыс әкімінінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев тамыз кеңесінде айтты. Әкім орынбасары жеті жинақты білім ордасы КПО компаниясының қолдауымен, бір оқу ордасы бюджет есебінен салынғанын хабарлады.
- Сапалы білім тек жаңа мектеппен өлшенбейді. Мектептің мүмкіндігі маңызды. Бірақ оның басты нәтижесін ұстаздың еңбегі мен білім сапасы көрсетеді. Сондықтан біз балалардың интеллектуалдық, шығармашылық және инженерлік қабілетін дамытуға да ерекше көңіл бөліп отырмыз.Сол жобалардың бірі - "Шахмат негіздері" курсы. Соңғы үш жылда бұл жобаға 183 мектеп қатысcа, алдағы оқу жылында барлық мектептің бастауыш сыныптары курспен қамтылады. 2025-2026 оқу жылында Батыс Қазақстан облысы мектептерге шахматтың вариативтік курсын енгізу бойынша республикада І орынға шықты. Жобаның нәтижесі халықаралық деңгейде де көрінді. Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан атындағы мектептің 1 "Б" сынып оқушылары FIDE EDU халықаралық фотобайқауында І орын алды, - деді Қайыржан Меңдіғалиев.
Дәстүрлі тамыз кеңесінде білім беру саласының атқарған жұмысы мен келешекке арналған жоспары пысықталды. Өңірдің бас ұстазы Елдос Сафуллин мектепке дейінгі, орта білім мен кәсіптік білім беру жүйесіне тоқталды. Ол әр саладағы жетістіктерді тіпке тізіп, заман талабына сай жаңа міндеттерді айтып берді.
Бүгінгі таңда аймақта 571 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 380-і мемлекеттік, 191-і жекеменшік. Бұл ұйымдарда 32 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде.
- Соңғы екі жылда 42 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылып, 3067 қосымша орын құрылды. Соның нәтижесінде балабақша кезегінде тұрған балалар саны екі мыңға жуық қысқарды. Бүгінде 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100 процентті, ал 2–6 жас аралығында 93,8 процентті құрап отыр. Бұл - мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігі артып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндетіміз - осы жетістікті сапамен толықтыру. Өйткені мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасы - баланың кейінгі білім алу жолындағы табысының берік іргетасы, - деді Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.
Бүгінгі таңда өңірде 382 білім беру ұйымында 126 мыңнан астам оқушы білім алды. Оқушылар санының жыл сайын артуы өңірдегі демографиялық өсіммен қатар, білім беру жүйесіне түсетін жауапкершіліктің де күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде облыстағы 205 шағын жинақты мектепте 14 мыңға жуық оқушы білім алуда.
- Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыста білім сапасының көрсеткіші 64,2 процентті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,1 процентке артты.Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі зерттеулер көрсеткіштерінен де айқын көрініс табуда.Халықаралық зерттеулердің озық тәжірибелерін ескере отырып әзірленген білім сапасын сырттай бағалаудың ұлттық мониторингі - Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторингтің (МОДО) қорытындысы Батыс Қазақстан облысында білім сапасының республикалық орташа деңгейден жоғары екенін көрсетті. Атап айтқанда, оқу сауаттылығы бойынша облыс көрсеткіші республика деңгейінен 32 балға, жаратылыстану бағыты бойынша 24 балға, ал математикадан 12 балға жоғары болды, - деп хабарлады Елдос Сафуллин.