Батыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған Өзбекстан азаматы елден шығарылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Өзбекстан азаматы 2026 жылдың тоғызыншы сәуірінде елге кірген. Бірақ заңнамамен белгіленген уақыт өткеніне қарамастан, қасақана заң бұзып, Қазақстанның аумағынан шықпаған. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517 бабының төртінші бөлігі бойынша заң бұзғаны анықталды.
Сот отырысында шетелдік азамат өз кінәсін мойындап, жағдайын баяндапты. Сот межелі уақытта елден шықпай, оның қандай зардабын біле тұра заң талаптарын ескермеген тұлғаға он күннің ішінде елден шығу туралы қаулы шығарды.
— Азамат К.Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жазаны қолданды. Ол Қазақстан Республикасының аумағынан өз еркімен, қаулы заңды күшіне енген күннен бастап он тәулік ішінде шығып кетуі тиіс, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.