Жаңа оқу жылы қарсаңында Батыс Қазақстан облысында жаңа мектептің ғимараты пайдалануға берілді. Шағын жинақты оқу ордасы Қаратөбе ауданына қарасты Сәуле ауылында бой түзеді. Оқу ошағының ашылу салтанатына аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
—Кейінгі үш жылда өңірде 30 мектеп жаңадан салынды. Биыл кезекті оқу жылында осындай тағы жеті шағын жинақты мектепті пайдалануға бергелі отырмыз. Білім беру инфрақұрылымын дамыту, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықты азайту —мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты тапсырмасы. Бұл жөнінде президент күні кеше өткен Тамыз конференциясының пленарлық отырысында да айтты. Жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін жағдай жасау— мемлекеттікң стратегиялық міндеті, — деді Нариман Төреғалиев.
Жақсыбай оқу ордасы 1973 жылы бастауыш мектеп ретінде ашылды. Ал, 1991 жылы оның мәртебесі өзгерген. Білім ордасының ғимараты тозығы жетіп, КПО bv компаниясының қаражатына жаңа ғимарат салынды.
Оқу ошағы 60 бала арналған. Мұнда он оқу кабинеті жасақталыпты. Екі шеберхана, кітапхана, асхана, мәжіліс және спорт залмен қамтылған. Балалардың қауіпсіздігі үшін 62 бейнебақылау құрылғысы жұмыс істейді. Мектептің де ауласы абаттандырылып, спорт және балалар ойын алаңы жабдықталған.
Жақсыбай мектебінде 69 оқушы білім алады. Оларға 29 ұстаз сабақ береді.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа оқу жылының қарсаңында Батыс Қазақстан облысында сегіз мектеп пайдалануға берілмек. Оның жетеуі «Қарашығанақ» компаниясының есебінен салынса, біреуі бюджет есебінен той түзейді.