БҚО-да кәсіпкер шаруалардың 150 млн теңге субсидиясына сауна мен сауда үйін салды
Облыста несие серіктестігінің басшысы 150,7 млн теңге көлемінде субсидияны жымқырған.

Батыс Қазақстан облысында несие беретін серіктестік басшысы ірі қара малды көбейту үшін берілетін субсидия жымқырған.
Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, күдікті «Агробизнес» несиелеу бағдарламасы аясында бақылауындағы шаруа қожалығының атына заңсыз түрде 126,7 миллион теңгені құрайтын жеңілдетілген несие рәсімдеген. Бірақ қыруар қаржыға малды сатып алмай жатып, қожалықтың шотынан қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі базасына жалған ақпарат енгізу арқылы ол 2017–2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бөлінген 24 миллион теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз алғаны анықталды.
Субсидияны заңды түрде алынды деп көрсету мақсатында ол басқа шаруа қожалықтарынан асыл тұқымды сиыр сатып алды деген жалған құжаттарды тапсырған.
Заңсыз тапқан ақшаға күдікті жер телімдерін сатып алыпты. Оның біреуіне сауна салып, енді біріне сауда үйін тұрғызыпты. Қылмыстық жолмен тапқан табысын жасыру үшін мүлігін туыстарына рәсімдеген. Соттың санкциясымен жалпы құны 198 миллион теңгені құрайтын екі жер телімі, сауда үйі мен саунаға және «Exeed LX» маркалы темір тұлпарға тыйым салынды.Күдікті қамауға алыныпты.
Фото: pexels.com